ӨМІРІН ҰСТАЗДЫҚПЕН ӨРНЕКТЕГЕН ЖАН
Қазіргі қоғамда рухани жан дүниесі бай, бойына ата-бабамыздың ізгілігі мен адамгершілігін, имандылығын сіңірген, дүниетанымы, білімі мен білігі жоғары жеке тұлға тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі ерекше екені белгілі. Осы қастерлі мамандықтың қадірін біліп, шәкірттерінің жүрегіне бар асыл қасиеттерін ұялатып, өн бойына ұстазға тән салмақтылық пен мәдениеттілікті сыйғыза білген жандарды халқымыз әрқашан да ерекше құрмет тұтқан. Осындай жанның бірегейі – қызметте әділ басшы, мұнымен қоса, кәсіби білім, толымды тәжірибе, сұңғылалық, асқан шеберлік пен жалпы мәдениетті қажет ететін әдіскерлігімен қатар өз ортасына сыйлы ұстаз Тәжіғұлова Гүлнара Мередқызы. Өзінің уақытын аямай, өзгенің уақытын аялайтын осындай асыл жанның осы уақытқа дейінгі атқарған тынымсыз тірлігі, игі істері жүріп өткен жолдарында-ақ сайрап жатыр. Оның қызметтегі бағындырған белесі, қол жеткізген жетістіктері көпке үлгі боларына сенімдіміз.
Елімізде соңғы жылдары білім саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, білімге құштар балғындарымызға қамқорлық көрсетілуде. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүкіл Қазақстан бойынша білім беру саласында жаһандық бәсекеге қабілетті болу міндеті тұрды. Осы айтылғандарды ескере келе, қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінде жаңа типтік үлгідегі ғимараттар бой көтеріп, мектептер заманауи құрылғылармен жабдықталып, бәсекеге қабілетті саналы ұрпақ тәрбиелеу қамына кірісіп те кеттік. Мұның барлығы ұстаздарға ынтамен еңбек етуге құлшыныс беретін игі істер екендігі сөзсіз. Сөзіміздің дәлелі ретінде, тарихы тереңнен бастау алған «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжінің филиалы ретінде 2010 жылдың 2 шілдесінде Елбасымыздың «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша колледж жанынан ашылған 75 орындық бөбектерге арналған «Каспий» балабақшасын, шағын және орта бизнес өкілдерінің жан-жақты қолдауларының арқасында жақында ғана колледж жанынан ашылған «Білім-инновация» мектебін зор мақтанышпен айтсақ болады. Биыл 2017 жылы ашылған бастауыш білім беруді негізгі бағыт еткен білім ордасында оқу-тәрбие процесі үш тілде жүргізілетін болады. Өзге мектептерден басты ерекшілігі ол оқушылардың бір күні толығымен мектепте өтіп, үйге тек тынығуға ғана баратындығында. Яғни, балаларға білім беру, демалдыру, тамақтандыру, арасында сергітіп алу мақсатында ойнату, денсаулығын нығайту, үйге берілген тапсырманы оқушы тынығып алған соң мектепте орындау сонымен қатар ата-ана бала сұранысына сай түрлі үйірмелер секілді шараларды өткізуді мақсат еткен. Мектепке дайындық тобынан бастап қабылдау жүргізілетін аталмыш білім ошағында инновациялық бағдарламалар толығымен жасақталып, жаңа үлгідегі оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендермен, оқу кабинеттері соңғы үлгідегі интерактивті тақталармен, қосымша оқу құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ, бұл жерде бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздардың да біліктілігі басты назарға алынған. «Егемен елдің ертеңі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бүгінгі жас ұрпақтың білімді маман, адал азамат, ел тұтқасын ұстар іскер басшы болуы ұстаздардың жауапкершілігінде. Тілге орамды, құлаққа жағымды естілетін «Ұстаз» деген сөздің адамзаттың даму тарихында қашан да болса алар орны бөлек, айрықша. Осындай ардақты да қадірлі атқа ие болып жүрген жанның бірегейі - бір емес екі бірдей мекеменің ісін жүргізіп отырған басшы әрі әдіскер-ұстаз Тәжіғұлова Гүлнара Мередқызы. Өмірін ұстаздық деген ұлы мамандықпен байланыстырған ол алғаш еңбек жолын 1995 жылы Атырау педагогикалық университетін бітіріп, Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу зауытына қарасты «Гүлдер» балабақшасында тәрбиеші болып бастаған болатын. Кейін 1997 – 1998 жылдары «Ақбұлақ» балабақшасына әдіскер қызметіне тағайындалып, ал 1999 – 2000 оқу жылдарында «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту басқармасына» аға әдіскер қызметінде жемісті еңбек етті. Бір жылғы тынымсыз еңбегінен кейін 2000 жылы Жаңаөзен қаласындағы №3 кәсіптік- техникалық мектепке ауысып, бұл жерде психолог қызметін атқарды. Мұнан соң 2003 жылы оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Осы жылдары кәсіптік-техникалық білім берудегі жаңа жобаларға қатысып, әртүрлі мамандықтарға арналған оқу стандартын құрастыру, әдістемелік құралдар, оқытушылардың жеке еңбектерін лекция жинағы, кітап ретінде жинақтап шығару жұмыстарына атсалысты. 2006 жылы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы Жаңаөзен мұнай және газ колледжінің жастар ісі жөнінідегі директордың орынбасары қызметіне ауысты. 2010 жылы «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжіне қарасты «Каспий» балабақшасына әдіскер қызметіне ауысты. Осы уақытқа дейінгі аталмыш балабақшасында өткізген еңбек жолындағы жемісті жеті жылында барлық ұйымдастыру жұмыстары және әдістемелік кабинет жасақтау, қалалық ашық сабақтарға, бүлдіршіндерді сайыстарға дайындап жүлделі орындарға қол жеткізді. Сонымен қатар, бүгінде әдіскерлік қызметімен қатар оқытушылық жұмысын қоса атқарып, студенттерге «Мектепке дейінгі педагогика» пәнінен дәріс беруде. Білім ордасында шәкірттеріне білім нұрын шашқан ұстаз болса, отбасында төрт баланың анасы, аяулы – жар. Осы уақытқа дейінгі әрбір жылды Гүлнара Мередовнаның ұстаздық және қоғамдық тұлғасының қалыптасуына негіз болған маңызды жылдар деуге болады. Білім беру, әдіскерлік және қоғамдық-мәдени қызметтерді қатар жүргізе отырып, өзіндік кәсіби біліктілігімен ерекшелене білген маманның ендігі мақсаты ол білім көкжиегін одан әрі кеңейте түсіп, ғылымның терең тұңғиығына бойлай түсу. Біздің редакция да өз кезегінде көпке үлгі болар айшықты істерімен өз саласының үздігі атанып отырған ұстаздың алдағы еңбек жолына толағай табыстар тілейді.












